Қазақстан Республикасы
Конституциялық Кеңесі
«Конституциялық Кеңес конституциялық заңнаманы қамтамасыз етуде маңызды роль атқарады.
Оның қызметі – қазақстандық заңнаманың Негізгі Заңның рухына және әрпіне сәйкес келуінің берік кепілі».
Н. Назарбаев
Қазақша     Русский     English
Нормативтік-құқықтық база Жаңалықтар
 
• Аппарат туралы ереже

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің
аппараты туралы
Е Р Е Ж Е

І. Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Аппараты (бұдан әрі — Аппарат) Конституциялық Кеңестің қызметін қамтамасыз ету және оның өкілеттігін жүзеге асыру үшін арналған. Осы Ереже Аппараттың мәртебесін, міндеттері мен құрылымын айқындайды және Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Төрағасының (бұдан әрі — Төраға) бұйрығымен бекітіледі.

2. Аппарат қызметінің құқықтық негізін мыналар құрайды: Қазақстан Республикасының Конституциясы; «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заң; Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының заңдары; Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі; «Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімін санаттар бойынша бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы; Конституциялық Кеңестің Регламенті, өзге де нормативтік-құқықтық актілер және осы Ереже.

3. Аппарат өзінің міндеттері мен функционалдық уәзипаларына сәйкес өз жұмысында Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен, Парламент Сенатының және Мәжілісінің Аппараттарымен, Премьер-Министр Кеңсесімен, Жоғарғы Соттың Аппаратымен, Бас Прокурордың Аппаратымен және өзге де мемлекеттік органдармен қарым-қатынас жасайды.

4. Аппараттың құрылымы мен штат санын бөлінген бюджет қаражаты шегінде Төраға бекітеді.

ІІ. Аппараттың негізгі міндеттері мен функциялары

5. Аппараттың негізгі міндеттері Конституциялық Кеңестің қызметін құқықтық, консультативтік, ақпараттық-анықтамалық, ұйымдастырушылық, қаржы-шаруашылық және өзгелей қамтамасыз ету болып табылады.

6. Аппарат өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін мыналарды іске асырады:
1) Төрағаның, Төрағаның орнын басушы адамның және Аппарат басшысының шешімдері орындалуын қамтамасыз ету;
2) конституциялық іс жүргізу нысаны болып отырған нормативтік-құқықтық актілерге, халықаралық шарттарға тиісті қорытынды дайындай отырып, құқықтық талдау жасау;
3) ақпараттық-талдау жұмысы және ақпараттық-анықтамалық материалдар шығару;
4) өзге мемлекеттердің конституциялық бақылау органдарымен және халықаралық ұйымдармен байланысты қамтамасыз ету;
5) өз өкілеттігі шегінде мемлекеттік органдарға, мекемелерге сұрау салу және заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті ақпарат пен материалдар алу;
6) Төрағаның ұйымдастыру-өкімдік құжаттарының жобасын дайындау;
7) кадр жұмысы;
8) мемлекеттік құпиялардың сақталуын және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
9) заңнаманы сақтау, жүйелеу және кодификациялау;
10) Конституциялық Кеңестің отырыстарын ұйымдастыру-техникалық жағынан дайындау, мәжіліс баяндамаларын рәсімдеу және материалдарын жан-жаққа жөнелту;
11) Аппарат қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды ұйымдастыру;
12) Конституциялық Кеңесті құжаттау және оның құжаттамасын басқару;
13) бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау, сондай-ақ Конституциялық Кеңестің web-сайтын ақпараттық қамтамасыз ету;
14) Конституциялық Кеңестің құрамын және оның Аппаратының қызметкерлерін қаржылық, шаруашылық, материалдық-техникалық және өзгелей қамтамасыз ету;
15) мемлекеттік органдармен, азаматтармен және мекемелермен қызметтік хат-хабар алысу;
16) өзіне Қазақстан Республикасының заңнамасымен, Төрағаның өкімдерімен, бұйрықтарымен және осы Ережемен жүктелген басқа функциялар.

ІІІ. Аппараттың құрылымы:

7. Конституциялық Кеңес Аппаратында мынадай құрылымдық бөлімшелер бар:
1) ішкі қаржылық бақылау бөлімі;
2) құқықтық <сараптау бөлімі;
3) талдау бөлімі;
4) ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімі;
5) қаржы-шаруашылық бөлімі.
8) Ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің құрылымына құжаттамалық қамтамасыз ету секторы кіреді.

9. Аппаратта мынадай лауазымдар тізбесі белгіленеді:
1) Аппарат басшысы;
2) бөлім меңгерушісі;
3) бөлім меңгерушісінің орынбасары;
4) Төрағаның кеңесшісі, көмекшісі;
5) сектор меңгерушісі;
6) бөлімнің бас консультанты;
7) бөлімнің бас сарапшысы.

ІV. Аппараттың қызметін ұйымдастыру

10. Аппаратты мемлекеттік саяси қызметші болып табылатын, Төраға қызметке тағайындап, қызметінен босататын Аппарат басшысы басқарады. Аппарат басшысы болмаған жағдайда, оның міндетін ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі немесе Төрағамен келісе отырып, Аппарат басшысы айқындайтын өзге тұлға атқарады.

11. Аппарат басшысы:
1) Төраға айқындайтын іс-шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етеді, оның актілері мен тапсырмаларын орындайды;
2) Аппаратқа басшылық жасайды, оның бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды, Аппаратқа жүктелген міндеттердің орындалуына жеке басымен жауап береді;
3) Конституциялық Кеңестің қызметі ақпараттық-анықтамалық, ұйымдастыру-құқықтық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етілуін үйлестіреді;
4) Конституциялық Кеңестің Аппараты туралы ережені Төрағаның бекітуіне ұсынады, Аппараттың құрылымы мен штат саны туралы ұсыныс енгізеді;
5) Төрағаға Аппараттың мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін ауыстыру тәртібімен немесе кадр резервінен қызметке тағайындау және қызметінен босату туралы ұсыныс енгізеді;
6) Аппараттың бөлімдері туралы ережені, бөлімдердің жұмыс жоспарларын бекітеді;
7) Төрағаның бұйрықтары, өкімдері және өзге де шешімдері орындалуын бақылайды;
8) Төрағамен келісе отырып еңбек демалыстары кестесін, Конституциялық Кеңестің мемлекеттік әкімшілік қызметшілері үшін белгіленген сыйақыны төлеудің жоспар-кестесін бекітеді:
9) Төрағаға Аппарат қызметкерлерін көтермелеу және оларға тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыныс енгізеді;
10) Конституциялық Кеңестің тәртіптік, аттестациялық және конкурстық комиссияларының жұмысына жалпы басшылық жасайды;
11) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу саласындағы қолданыстағы заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді мемлекеттік сатып алу ұйымдастырылуы мен өткізілуін қамтамасыз етеді;
12) Аппараттың жылдық жұмыс жоспары әзірленуін қамтамасыз етеді және Төрағамен келіскен соң, жұмыс жоспарын және оның орындалуы туралы есепті бекітеді;
13) Конституциялық Кеңестің бюджеттік тапсырысы дайындалуын және оны Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізетін орталық атқарушы органның басшысына ұсынылуын, сондай-ақ бюджет процесінің өзге де рәсімдері орындалуын қамтамасыз етеді;
14) Конституциялық Кеңестің қаржыландыру жоспары және қаржылық есебі әзірленуін қамтамасыз етеді және Төрағамен келіскен соң оларды бекітеді;
15) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобалары әзірленуін қамтамасыз етеді;
16) Төраға тарапынан тиісті қаржы-шаруашылық, жоспарлық, есептік және өзге де құжаттарға бірінші болып қол қою құқығы беріледі;
17) өз өкілеттігі шегінде мемлекеттік органдармен, азаматтармен және мекемелермен қарым-қатынас жасағанда Аппараттың мүддесін білдіреді;
18) өз құзыреті шегінде азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштеріне жауап қайтарады;
19) заңнамада және осы Ережеде көзделген, сондай-ақ Төраға тарапынан өзіне жүктелген өзге өкілеттіктерді іске асырады.

12. Ішкі қаржылық бақылау бөлімі:
1) Конституциялық Кеңес жұмысының сапасы мен өнімділігін арттыру мақсатында, оның жұмыс бағыттары бойынша ішкі бақылау жүргізеді; қаржылық тәртіп сақталуын қамтамасыз етеді;
2) Конституциялық Кеңестегі басқару жүйесінің жұмысын бағалайды, оны жақсарту жөнінде Төрағаға ұсыныс енгізеді;
3) Қазақстан Республикасының бюджеттік және өзге де заңнамасы сақталуын тексереді;
4) есеп пен есептіліктің шынайы әрі дұрыс жүргізілуін бақылайды;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттер қаржысын пайдалану кезіндегі бұзушылықтарды анықтау, алдын алу және жол бермеу жөнінде шаралар қолданады;
6) тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу ұйымдастырылуы мен өткізілуіне ағымдағы бақылау жасайды;
7) бақылау объектілеріне жіберілетін ұсыныстардың және бақылау нәтижесі бойынша қабылданған шешімдердің орындалуын бақылайды;
8) бақылау жүргізуге байланысты мәселелер бойынша бақылау объектілерінен қажетті құжаттар, анықтамалар, ауызша және жазбаша түсініктемелер сұратып, өзі белгілеген мерзімде алады;
9) құпиялық режимі, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия сақталуын ескере отырып, бақылау объектісінің бақылау іс-шарасы мәселелеріне жататын құжаттамасымен кедергісіз танысады;
11) ішкі бақылау қорытындысы бойынша ішкі бақылау объектісіне ұйғарым енгізеді;
12) ішкі бақылау қорытындысы туралы Төрағаға есеп және ұсыныстың жобасын енгізеді;
13) Төрағаның ішкі қаржылық бақылау мәселелері бойынша өзге де тапсырмаларын орындайды. Ішкі қаржылық бақылау бөлімі Аппараттың басқа құрылымдық бөлімшелерінен тәуелсіз, тек Төрағаға бағынады және есеп береді.

13. Құқықтық сараптау бөлімі:
1) конституциялық іс жүргізу нысаны болып отырған нормативтік-құқықтық актілерге, халықаралық шарттарға құқықтық талдау жасайды;
2) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері мен халықаралық шарттарына Негізгі Заңға сәйкестігі тұрғысында құқықтық сараптама жасайды, оның қорытындысы бойынша Төрағаның тапсырмасымен немесе бөлімнің бастамасымен іштей қолдануға арналған ақпарат тәртібімен Төрағаның атына қорытынды дайындайды;
3) соттарда және өзге де мемлекеттік органдарда Конституциялық Кеңестің мүддесін білдіреді;
4) Конституциялық Кеңес шешімдерінің орындалуы туралы Төрағаның атына жарты жылдық және жылдық ақпарат дайындайды;
5) бөлімнің қорытындысын дайындай отырып, келіп түскен нормативтік құқықтық актілердің жобаларына құқықтық талдау жасайды;
6) Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасынан, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтан және өзге де мемлекеттік органдарынан ақпараттық материалдар сұратып алу негізінде Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жарты жылдық шолу жасайды және соның қорытындысы бойынша талдамалық анықтама дайындайды;
7) ай сайын Төрағаны Парламенттегі заң шығармашылығы процесі туралы жазбаша түрде хабардар етеді;
8) Конституциялық Кеңестің Төрағасын, мүшелерін және Аппарат басшысын өз қызметін жүзеге асыруы үшін қажетті ақпараттық, анықтамалық және өзге де материалдармен қамтамасыз етеді;
9) Конституциялық Кеңестің шетел конституциялық бақылау органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылын ұйымдастырады;
10) Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерінің, сондай-ақ аппарат қызметкерлерінің іссапарлары үшін жол жүру құжаттары ресімделуін ұйымдастырады;
11) Конституциялық Кеңестің мемлекеттік сатып алу өткізу жөніндегі іс-шараларын заңдық жағынан сүйемелдейді және Конституциялық Кеңес жасасатын азаматтық-құқықтық шарттардың жобаларын заңнамаға сәйкестігі тұрғысында қатар тексереді;
12) «Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Жаршысының» мерзімді басылымдарын жариялауға дайындайды;
13) мерзімді баспасөзге жазылу, ғылыми, анықтамалық және өзге де әдебиеттер сатып алу арқылы Конституциялық Кеңестің ақпараттық қорын толықтыруды ұйымдастырады, Конституциялық Кеңестің мүшелері мен Аппарат қызметкерлеріне кітапхана қызметі көрсетілуін ұйымдастырады;
14) Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарымен байланысты іске асырады;
15) Төрағаның, Кеңес мүшелерінің және Аппарат басшысының өзге де тапсырмаларын орындайды.

14. Талдау бөлімі:
1) Республикадағы конституционализмнің жай-күйі және даму болашағы жөнінде талдамалық зерттеу жүргізеді және тиісті анықтамалық материал құрастырады;
2) Кеңес Төрағасы мен мүшелерін конституциялық заңнаманың даму мәселелері бойынша талдау материалымен қамтамасыз етеді;
3) ТМД елдері мен өзге мемлекеттердің конституциялық бақылау органдары аппараттарының тиісті бөлімшелерімен байланыс орнатады, Кеңестің қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратпен алмасады;
4) бөлім құзыретіндегі мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен байланысты жүзеге асырады;
5) Кеңес Төрағасы мен Аппарат басшысының тапсырмасы бойынша Конституциялық Кеңестің қызметіне қатысты конференциялардың, дөңгелек үстелдердің және өзге де іс-шаралардың жұмысына қатысады;
6) конституциялық іс жүргізуге дайындық істеріне қатысады, келіп түскен өтініштер бойынша ақпараттық-анықтамалық материал құрастырады, конституциялық іс жүргізу мәселелері бойынша зерделеу жүргізеді, конституциялық іс жүргізу нысаны болып отырған мәселелер бойынша шетелдік конституциялық бақылау практикасын қорытады;
7) Конституциялық Кеңес мүшелері — өтініш бойынша баяндамашылардың құзыретіне жататын құжаттардың жобасын дайындайды;
8) Конституциялық Кеңестің қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында, Конституциялық Кеңестің ресми веб-сайтында жариялап отырады;
9) Конституциялық Кеңес Төрағасының тапсырмасы бойынша Кеңестің қорытынды шешімдеріне арналған түсіндірулердің жобаларын даярлайды;
10) Кеңес Төрағасының, мүшелерінің және Аппарат басшысының өзге де тапсырмаларын орындайды.

15. Ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімі:
1) құрылымдық бөлімшелердің жұмыс жоспарлары негізінде Аппараттың жылдық жұмыс жоспарын әзірлейді;
2) Конституциялық Кеңесте құжаттау және құжаттаманы басқару ережесін әзірлейді және жетілдіреді;
3) құжаттаудың, құжаттармен жұмыс істеуді ұйымдастырудың, ақпараттық-іздестіру жүйесін құру және жүргізудің бірыңғай тәртібін қамтамасыз етеді;
4) Конституциялық Кеңестің бланкілерін, мөрлері мен мөртабандарын есепке алады және сақтайды;
5) жиынтықты іс номенклатурасын әзірлеп, жетілдіреді;
6) ведомстволық мұрағатты жүргізеді;
7) жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша іс жүргізеді;
8) Аппараттың мемлекеттік әкімшілік қызметшілері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында мемлекеттік қызметшілер үшін белгіленген міндеттер мен шектеулерді сақтауын бөлім құзыреті шегінде бақылайды;
9) Конституциялық Кеңестің қызметін кадрлық қамтамасыз ету;
10) Конституциялық Кеңес аппаратының мемлекеттік қызметшілерін оқытуды, қайта даярлауды (қайта мамандандыруды) және біліктілігін арттыруды ұйымдастырады; 11) әскери есеп жүргізеді;
12) мемлекеттік органдармен кадр мәселелері және іс жүргізу бойынша өзара іс-әрекет жасайды;
13) шетелдік делегациялар мен халықаралық ұйымдар өкілдеріне Конституциялық Кеңесте қабылдау ұйымдастырылуын бақылайды;
14) Конституциялық Кеңестің отырыстары мен өзге де іс-шараларды ұйымдастыру-техникалық жағынан қамтамасыз етеді, Конституциялық Кеңестің отырыстары мен лездемелерін хаттамалайды, қабылданған шешімдерді көбейтіп, жан-жаққа жөнелтеді;
15) бөлім меңгерушісінің орынбасарына жүктелетін қосымша функционалдық міндет ретінде, Конституциялық Кеңесте құпия іс жүргізу және құпиялылық режимін қамтамасыз етеді. Құпия іс жүргізу және құпиялылық режимін қамтамасыз ету мәселелері бойынша бөлім меңгерушісінің орынбасары тікелей Конституциялық Кеңес Төрағасына бағынады;
16) Конституциялық Кеңесте ақпараттық қауіпсіздік қамтамасыз етілуін бақылайды;
17) Конституциялық Кеңесте мемлекеттік тілді енгізудің және оны дамытудың тиімділігін арттыру жөнінде тиісті шаралар қолданады;
18) Төрағаның, Кеңес мүшелерінің және Аппарат басшысының өзге де тапсырмаларын орындайды.

16. Қаржы-шаруашылық бөлімі:
1) әрбір бюджеттік бағдарлама бойынша шығыстардың түрлерін есептей және негіздей отырып, алдағы кезеңге арналған бюджеттік тапсырысты құрастырады және уәкілетті органға ұсынады;
2) Республикалық бюджеттің атқарылуы бойынша бухгалтерлік есеп, бюджеттік есеп және бюджеттік есептілік жүргізеді;
3) бюджеттік бағдарламалар деңгейінде бюджеттің атқарылуы бойынша шығыстардың функционалдық және экономикалық классификациялары бойынша Конституциялық Кеңестің жоспарлы кезеңге арналған міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландыру жоспары мен жеке қаржыландыру жоспарын құрастырады және жүргізеді;
4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу саласындағы қолданыстағы заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырады және өткізеді;
5) тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу шарттарының жобаларын әзірлейді және Аппараттың өзге құрылымдық бөлімшелерімен келіседі;
6) тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы күшіне енген шарттарды орындайды;
7) Конституциялық Кеңестің белгіленген тәртіппен енгізілген өзгерістерді ескере отырып бекітілген, жоспарлы кезеңге арналған міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландыру жоспарына және ашылған лимиттерге сәйкес бюджет қаржысының дұрыс, орынды, тиімді және мақсатты жұмсалуын бақылауды қамтамасыз етеді;
8) бірыңғай бюджеттік классификацияға, жасалған азаматтық-құқықтық мәмілелерге, бюджет қаржысы бөлінуіне негіз болған нормативтік құқықтық актілерге сәйкес бюджет қаржысы пайдаланылуын іске асырады;
9) қаржыландыру жоспарын орындау барысында кәсіпорындармен, мемлекеттік мекемелермен және жеке тұлғалармен арада туындайтын есептерді уақтылы айырысады;
10) Конституциялық Кеңестің құрамы мен аппарат қызметкерлеріне жалақыны және заңнамада белгіленген өзге де төлемдерді есептеп, төлейді;
11) фискалды органдарға қаржылық есепті, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетіне және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне бухгалтерлік есепті және бюджеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы талдамалық есепті, сондай-ақ қалалық статистика басқармасына статистикалық есептілікті ұсынады;
12) Төрағаның қарауына қаржы мәселелері жөнінде ұсыныстар енгізеді;
13) Конституциялық Кеңестің құрамы мен аппарат қызметкерлерінің жұмысына қажетті жағдай жасайды, олардың тиімді түрде орналасуы, жұмыс орындарының жиһазбен, байланыс құралдарымен, ұйымдастыру техникасымен, кеңсе заттарымен жарақтануы мәселелерін шешеді;
14) активтердің, құны төмен және тез тозатын заттардың және өзге де материалдық құндылықтардың сақталатын және пайдаланылатын орындарында сақталуын қамтамасыз етеді;
15) үй-жайдың, жиһаздың және ұйымдастыру техникасының ағымдағы жөндеуін қамтамасыз етеді;
16) Конституциялық Кеңеске тауар-материалдық құндылықтар сатып алуды, есепке алуды және оларды сақтауды, өзге де шаруашылық қызметті қамтамасыз етеді;
17) Аппараттың құрылымы мен штат саны жөніндегі құжаттардың жобасын әзірлеуге тікелей қатысады;
18) ішкі қаржылық бақылау бөлімінің өз функционалдық міндеттерін орындау мақсатындағы талабы бойынша қажетті ақпарат береді;
19) Кеңес Төрағасы мен мүшелерінің, Аппарат басшысының өзге де тапсырмаларын орындайды.

V. Аппарат қызметкерлерінің функционалдық міндеттері мен құқықтары

17. Бөлім меңгерушісі:
1) бөлімнің жұмысын ұйымдастырады, басқарады және бақылайды, қызметкерлердің мемлекеттік және еңбек тәртібін сақтауын қамтамасыз етеді, сондай-ақ бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына жеке басымен жауап береді;
2) Конституциялық Кеңес Төрағасының, Аппарат басшысы мен мүшелерінің — қаралып жатқан өтініштер бойынша баяндамашылардың тапсырмаларын орындайды;
3) лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарын әзірлеуге қатысады;
4) өз құзыреті шегінде қызмет бабындағы құжаттарға бұрыштама соғады немесе қол қояды;
5) бөлім қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмысына қатысады;
6) бөлімнің құзырына жататын мәселелер бойынша қажетіне қарай жедел кеңестер өткізеді;
7) Аппарат басшысына белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және лауазымды адамдардан жұмысқа қажетті ақпарат сұратып алу туралы ұсыныс енгізеді;
8) Аппарат басшысына бөлім туралы ережені және бөлімнің жұмыс жоспарын бекіту үшін береді;
9) Төраға мен Аппарат басшысының өзге де тапсырмаларын орындайды.

18. Бөлім меңгерушіcінің орынбасары:
1) бөлім меңгерушісі болмаған кезде немесе өзінің лауазымдық міндеттерін атқара алмайтын кездерде оның орнын басады;
2) бөлім меңгерушісінен қызметкерлерге келіп түскен құжаттардың және өзге де тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз етеді.
3) Бөлім туралы ереженің, Бөлімнің жұмыс жоспарының жобаларын, бөлім қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бөлім меңгерушісіне ұсынады;
4) лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарын әзірлеуге қатысады;
5) өз құзыреті шегінде қаралып жатқан мәселелерді талқылауға және олар бойынша шешім қабылдауға қатысады;
6) өз құзыреті шегінде қызметтік құжаттарға бұрыштама соғады немесе қол қояды;
7) Төрағаның, Аппарат басшысының және бөлім меңгерушісінің өзге де тапсырмаларын орындайды.

19. Төрағаның көмекшісі:
1) Конституциялық Кеңес Төрағасының қызметін хаттамалық-ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етеді;
2) Конституциялық Кеңесте мемлекеттік тілді енгізудің және оны дамытудың тиімділігін арттыру жөнінде тиісті шаралар қолданады;
3) Конституциялық Кеңестің жыл сайынғы жолдауларының және қаулыларының мемлекеттік тілдегі мәтіндерін, сондай-ақ Аппарат қызметкерлері дайындаған мемлекеттік тілдегі құжаттарды редакциялайды;
4) мемлекеттік тілдің сапалы түрде оқытылуын қамтамасыз етеді, Аппарат бойынша мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің мемлекеттік тілді білуін тестілеуді ұйымдастырады;
5) Төрағаның өзге де тапсырмаларын орындайды.

20. Төрағаның кеңесшісі:
1) Төрағаны ақпараттық, анықтамалық, талдау және өзге де материалдармен қамтамасыз етеді;
2) Конституциялық Кеңес Төрағасының тапсырмасы бойынша оның мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда өкілеттік функцияларын іске асырады;
3) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері мен халықаралық шарттарына Негізгі Заңға сәйкестігі тұрғысында құқықтық сараптама жасайды, оның қорытындысы бойынша Төрағаның тапсырмасымен немесе өз бастамасымен Төрағаның атына қорытынды дайындайды;
4) Конституциялық Кеңестің шетел конституциялық бақылау органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-әрекетін ұйымдастырады;
5) Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерінің, сондай-ақ аппарат қызметкерлерінің іссапарлары үшін жол жүру құжаттары ресімделуін ұйымдастырады;
6) Төрағаның өзге де тапсырмаларын орындайды.

21. Аппарат қызметкері:
1) өзіне жүктелген функционалдық міндеттерді уақытылы және сапалы орындайды;
2) өз құзыретінің шегінде қаралып отырған мәселелерді талқылауға және олар бойынша шешім қабылдауға қатысады;
3) қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін кәсіби деңгейін және біліктілігін арттырады.
4) заңнамада белгіленген мемлекеттік тәртіпті, еңбек тәртібін және қызмет этикасы нормаларын сақтайды;
5) өздеріне жүктелген міндеттерді атқармағаны немесе тиісті түрде атқармағаны, өкілеттігін асыра пайдаланғаны, мемлекеттік және еңбек тәртібін бұзғаны, сондай-ақ, мемлекеттік қызметте болуға байланысты заңдармен белгіленген шектеулерді сақтамағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылады.

20. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің лауазымдық міндеттері Төраға бекітетін лауазымдық нұсқаулықтарда көрсетіледі.

Аппарат басшысы
Ә. Темірбеков

2012 жылғы 13 қаңтарда Конституциялық Кеңес Төрағасы И.Роговтың бесінші сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына және мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауына мониторинг жасап жүрген халықаралық байқаушылардың миссияларымен кездесулері болып өтті.

Ү.ж. 11 қантар. 2012 жылғы 6 қаңтарда Конституциялық Кеңес, Орталық сайлау комиссиясының қолдаухаты бойынша, қолданылып отырған төтенше жағдай кезінде Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында бесінші сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын және мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауын өткізу мүмкіндігіне қатысты өзінің 2004 жылғы 9 сәуірдегі № 5 қаулысын түсіндіру туралы қосымша қаулы қабылдады.

Ү.ж. 11 қантар. 2012 жылғы 6 қаңтарда Конституциялық Кеңес, Орталық сайлау комиссиясының қолдаухаты бойынша, қолданылып отырған төтенше жағдай кезінде Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында бесінші сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын және мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауын өткізу мүмкіндігіне қатысты өзінің 2004 жылғы 9 сәуірдегі № 5 қаулысын түсіндіру туралы қосымша қаулы қабылдады.

Ү.ж. 06 қантар. Конституциялық Кеңес Орталық сайлау комиссиясының өтінішін бойынша «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер  мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі тұрғысында тексеру туралы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2004 жылғы 9 сәуірдегі № 5 Қаулысысын қосымша түсіндіру туралы» Қосымша қаулысын жариялады.

Ү.ж. 22 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Конституциялық заңдылық – құқықтық мемлекеттің және тұлға еркіндігінің негізі» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.



Iздеу

"Интернет Решения"
компаниясымен өндірілген

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі © 2007