kazruseng
Нормативтік-құқықтық база

















Конституциялық іс жүргізу туралы қолданыстағы заңнама: 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының тиісті ережелері

53-бап
11) Республика Конституциялық Кеңесiнiң Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйi туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды;

58-бап. 3-тармақ. 7) тармақша
3. Парламент Палаталарының Төрағалары:
7) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң екi-екiден мүшелерiн тағайындайды;

VI бөлiм
Конституциялық Кеңес

71-бап
1. Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi жетi мүшеден тұрады, олардың өкiлеттiгi алты жылға созылады. Республиканың экс-Президенттерi құқығы бойынша ғұмыр бойы Конституциялық Кеңестiң мүшелерi болып табылады.
2. Конституциялық Кеңестiң Төрағасын Республиканың Президентi тағайындайды және дауыс тең бөлiнген жағдайда оның даусы шешушi болып табылады.
3. Конституциялық Кеңестiң екi мүшесiн Республиканың Президентi, екi мүшесiн Сенаттың Төрағасы және екi мүшесiн Мәжiлiстiң Төрағасы тағайындайды. Конституциялық Кеңес мүшелерiнiң жартысы әрбiр үш жыл сайын жаңартылып отырады.
4. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшесiнiң қызметi депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге да ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiкпен айналысумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.
5. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiн өздерiнiң өкiлеттiгi мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртiбiмен белгiленетiн әiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттердi қоспағанда, Парламенттiң келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
6. Конституциялық Кеңестiң ұйымдастырылуы мен қызметi конституциялық заңмен реттеледi.

72-бап
1. Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Сенат Төрағасының, Мәжiлiс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгiнiң, Премьер-Министрдiң өтiнiшi бойынша:
1) дау туған жағдайда Республика Президентiнiң, Парламент депутаттарының сайлауын өткiзудiң дұрыстығы және республикалық референдум өткiзу туралы мѕселенi шешедi;
2) Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестiгiн Президент қол қойғанға дейiн қарайды.
3) Республиканың халықаралық шарттарын бекiткенге дейiн олардың Конституцияға сәйкестiгiн қарайды;
4) Конституцияның нормаларына ресми түсiндiрме бередi;
5) Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген реттерде қорытындылар бередi.
2. Конституциялық Кеңес соттардың өтiнiштерiн Конституцияның 78-бабында белгiленген реттерде қарайды.

73-бап
1. Конституциялық Кеңеске Конституцияның 72-бабының 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген мәселелер бойынша өтiнiш жасалған ретте, Президенттiң қызметiне кiрiсуi, Парламенттiң сайланған депутаттарын тiркеу не республикалық референдумның нәтижелерiн шығару тоқтатыла тұрады.
2. Конституциялық Кеңеске Конституцияның 72-бабының 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетiлген мәселелер бойынша өтiнiш жасалған ретте, тиiстi актiлерге қол қою не оларды бекiту мерзiмiнiң өтуi тоқтатыла тұрады.
3. Конституциялық Кеңес өтiнiштер түскен күннен бастап бiр ай iшiнде өз шешiмiн шығарады. Егер мәселенi кейiнге қалдыруға болмайтын болса, Республика Президентiнiң талабы бойынша бұл мерзiм он күнге дейiн қысқартылуы мүмкiн.
4. Конституциялық Кеңестiң шешiмiне толығымен немесе бiр бөлiгiне Республика Президентi қарсылық бiлдiруi мүмкiн, бұл қарсылық Конституциялық Кеңес мүшелерi жалпы санының үштен екiсiнiң даусымен еңсерiледi. Президент қарсылығы еңсерiлмеген жағдайда, Конституциялық Кеңестiң шешiмi қабылданбады деп есептеледi.

74-бап
1. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылған заңдар мен халықаралық шарттарға қол қойылмайды не, тиiсiнше, бекiтiлмейдi және күшiне енгiзiлмейдi.
2. Адамның және азаматтың Конституцияда баянды етiлген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiрiлген деп танылған заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң күшi жойылады және қолданылуға жатпайды.
3. Конституциялық Кеңестiң шешiмдерi қабылданған күннен бастап күшiне енедi, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi, түпкiлiктi болып табылады және шағымдануға жатпайды.

VII бөлiм
Соттар және сот төрелiгi

78-бап
Соттардың Конституциямен баянды етiлген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiретiн заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қолдануға хақысы жоқ. Егер сот қолданылуға тиiстi заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық акт Конституциямен баянды етiлген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiредi деп тапса, iс жүргiзудi тоқтата тұруға және осы актiнi конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгiнуге мiндеттi.
 
артқа   жоғарыға   негізгі үйге