Конституциялық Кеңес конституциялық заңнаманы қамтамасыз етуде маңызды роль атқарады. Оның қызметі – қазақстандық заңнаманың Негізгі Заңның рухына және әрпіне сәйкес келуінің берік кепілі
Н. Назарбаев
Негізгі бет » Нормативтік-құқықтық база » Аппарат туралы ереже

Аппарат туралы ереже

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің

аппараты туралы

Е Р Е Ж Е

І. Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің аппараты (бұдан әрі – Аппарат) Конституциялық Кеңестің қызметін қамтамасыз ету және оның өкілеттігін жүзеге асыруға арналған. Осы Ереже аппараттың негізгі міндеттерін, функциялары мен құрылымын айқындайды және Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Төрағасының (бұдан әрі – Төраға) бұйрығымен бекітіледі.

2. Аппарат қызметінің құқықтық негізін мыналар құрайды: Қазақстан Республикасының Конституциясы; "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Конституциялық заң; Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, "Мемлекеттік қызмет туралы" және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасының заңдары; Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексі; "Мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы; «Мемлекеттік қызметті өткеру тәртібі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы, Конституциялық Кеңестің Регламенті, өзге де нормативтік-құқықтық актілер және осы ереже.

3. Аппарат өзінің міндеттері мен функционалдық уәзипаларына сәйкес өз жұмысында Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен, Парламент Сенатының және Мәжілісінің Аппараттарымен, Премьер-Министр Кеңсесімен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Соттардың қызметін қамтамасыз ету жөніндегі департаментімен (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппаратымен), Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының Аппаратымен және өзге де мемлекеттік органдармен қарым-қатынас жасайды.

4. Аппараттың құрылымы мен штат санын бөлінген бюджеттік қаражат шегінде Төраға бекітеді.

ІІ. Аппараттың негізгі міндеттері мен функциялары

5. Аппараттың негізгі міндеттері Конституциялық Кеңестің қызметін құқықтық, консультативтік, ақпараттық-анықтамалық, ұйымдастырушылық, қаржы-шаруашылық және өзгелей қамтамасыз ету болып табылады.

6. Аппарат өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін мыналарды іске асырады:

1) Төрағаның, Төрағаның орнын басушы адамның және Аппарат басшысының шешімдерін орындау;

2) конституциялық іс жүргізу нысаны болып отырған нормативтік-құқықтық актілерге, халықаралық шарттарға тиісті қорытынды дайындай отырып, құқықтық талдау жасау;

3) ақпараттық-талдау жұмысын жүргізу және ақпараттық-анықтамалық материалдар шығару;

4) өзге мемлекеттердің конституциялық бақылау органдарымен және халықаралық ұйымдармен байланысты қамтамасыз ету;

5) өз өкілеттігі шегінде мемлекеттік органдарға, мекемелерге сұрау салу және заңнамамен белгіленген тәртіппен қажетті ақпарат пен материалдар алу;

6) Төрағаның ұйымдастырушылық-өкімдік сипаттағы құжаттарының жобасын дайындау;

7) персоналды басқару;

8) мемлекеттік құпиялардың қорғалуын және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

9) заңнаманы сақтау, жүйелеу және кодификациялау;

10) Конституциялық Кеңестің отырыстарын ұйымдастырушылық-техникалық жағынан дайындау, мәжіліс хаттамаларын рәсімдеу және материалдарын жан-жаққа жөнелту;

11) Аппарат қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды ұйымдастыру;

12) Конституциялық Кеңесті құжаттандыру және құжаттарын басқару;

13) бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-әрекет ету, сондай-ақ Конституциялық Кеңестің Интернет-ресурсын ақпараттық қамтамасыз ету;

14) Конституциялық Кеңестің құрамын және Аппаратының қызметкерлерін қаржылық, шаруашылық, материалдық-техникалық және өзгелей қамтамасыз ету;

15) мемлекеттік органдармен, азаматтармен және ұйымдармен қызметтік хат-хабар алысу;

16) Қазақстан Республикасының заңнамасымен, Төрағаның өкімдерімен, бұйрықтарымен және осы Ережемен өзіне жүктелген өзге де функциялар.

ІІІ. Аппараттың құрылымы:

7. Конституциялық Кеңес аппаратының мынадай құрылымдық бөлімшелері бар:

1) талдау бөлімі;

2) ішкі қаржылық бақылау бөлімі;

3) құқықтық сараптау бөлімі;

4) персоналды басқару және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі;

5) қаржы-шаруашылық бөлімі.

8. Аппаратта мынадай мемлекеттік әкімшілік лауазымдар тізбесі белгіленеді:

1) «А» корпусы, санат 1:

Аппарат басшысы (бірінші топ);

бөлім басшысы (екінші топ);

2) «Б» корпусы:

бөлім басшысының орынбасары (В-1санаты);

Төрағаның кеңесшісі, көмекшісі (В-2 санаты);

бөлімнің бас консультанты (В-3 санаты);

бөлімнің бас сарапшысы (В-4 санаты);

ІV. Аппараттың қызметін ұйымдастыру

9. Аппаратты Төраға қызметке тағайындап, қызметінен босататын Аппарат басшысы басқарады. Аппарат басшысы болмаған жағдайда, оның міндетін персоналды басқару және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы немесе Төрағаның келісімімен Аппарат басшысы айқындайтын өзге тұлға атқарады.

10. Аппарат басшысы:

1) Төраға айқындайтын іс-шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етеді, оның актілері мен тапсырмаларын орындайды;

2) Аппаратқа басшылық жасайды, оның бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды, Аппаратқа жүктелген міндеттердің орындалуына жеке басымен жауап береді;

3) Конституциялық Кеңестің қызметі ақпараттық-талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық, материалдық-техникалық және қаржылық жағынан қамтамасыз етілуін үйлестіреді;

4) Конституциялық Кеңестің Аппараты туралы ережені Төрағаның бекітуіне ұсынады, Аппараттың құрылымы мен штат саны туралы ұсыныс енгізеді;

5) Төрағаға Аппараттың мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін ауыстыру тәртібімен немесе кадр резервінен қызметке тағайындау және қызметінен босату туралы ұсыныс енгізеді;

6) Аппараттың бөлімдері туралы ережелерді, бөлімдердің жұмыс жоспарларын бекітеді;

7) Төрағаның бұйрықтары, өкімдері және өзге де шешімдері орындалуын бақылайды;

8) Төрағамен келісе отырып, Конституциялық Кеңестің мемлекеттік әкімшілік қызметшілері үшін белгіленген еңбек демалысы кестесін, сыйақы төлеудің жоспар-кестесін бекітеді;

9) Аппараттың қызметшілерін көтермелеу және оларға тәртіптік жаза қолдану туралы Төрағаға ұсыныс енгізеді;

10) Конституциялық Кеңестің тәртіптік, аттестациялық, конкурстық комиссияларының, сондай-ақ «Б» корпусына жататын мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің жұмысын жыл сайын бағалау жөніндегі комиссияның қызметіне басшылық жасайды;

11) өз өкілеттігі шегінде азаматтардың және заңды тұлғалардың өтініштеріне жауап қайтарады;

12) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу саласында қолданылып отырған заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу ұйымдастырылуын және өткізілуін қамтамасыз етеді;

13) Конституциялық Кеңестің бюджеттік тапсырысы дайындалуын және оны Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізетін орталық атқарушы органның басшысына ұсынылуын, сондай-ақ бюджет процесінің өзге де рәсімдері орындалуын қамтамасыз етеді;

14) Конституциялық Кеңестің қаржыландыру жоспары мен қаржылық есебі әзірленуін қамтамасыз етеді және Төрағамен келіскен соң оларды бекітеді;

15) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады;

16) Төраға тарапынан шарттарға, азаматтық-құқықтық келісімдерді тіркеу тапсырыстарына, хабарламаларға, төлем шоттарына және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнамасында көзделген өзге де банктік, қаржы-шаруашылық құжаттарына, сондай-ақ талаптарға, арыздарға және өзге де өтініштерге бірінші болып қол қоюға құқық беріледі.

17) мемлекеттік органдармен, азаматтармен және ұйымдармен қарым-қатынас жасағанда Аппараттың мүддесін білдіреді;

18) заңнамада және осы Ережеде көзделген, сондай-ақ Төраға тарапынан өзіне жүктелген өзге де өкілеттіктерді іске асырады.

11. Талдау бөлімі:

1) Республикадағы конституционализмнің жай-күйіне және даму болашағына талдамалық зерттеу жүргізеді және тиісті анықтамалық материал құрастырады;

2) Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелерін конституциялық заңнаманың даму мәселелері бойынша талдамалық материалдармен қамтамасыз етеді;

3) бөлімнің құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарымен байланыс жасайды;

4) Төрағаның және Аппарат басшысының тапсырмасы бойынша конференциялардың, дөңгелек үстелдердің жұмысына және Конституциялық Кеңестің жұмысымен байланысты өзге де іс-шараларға қатысады;

5) конституциялық іс жүргізуді дайындауға қатысады: өтініштер бойынша ақпараттық-анықтамалық материалдар құрастырады, конституциялық іс жүргізу бойынша зерделеу жүргізеді, конституциялық іс жүргізу нысаны болып отырған мәселелер бойынша шетелдік конституциялық бақылау практикасын қорытады;

6) Конституциялық Кеңес мүшелерінің – өтініш бойынша баяндамашылардың құзыретіне жататын құжаттардың жобасын дайындайды;

7) Конституциялық Кеңестің қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында, Конституциялық Кеңестің Интернет-ресурсында жариялап отырады;

8) Төрағаның тапсырмасы бойынша Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдеріне түсіндірменің жобасын дайындайды;

9) Төрағаның және Аппарат басшысының өзге де тапсырмаларын орындайды.

12. Ішкі қаржылық бақылау бөлімі:

1) Конституциялық Кеңес жұмысының сапасы мен өнімділігін арттыру мақсатында оның жұмысының бағыттары бойынша ішкі бақылау жүргізеді;

2) Конституциялық Кеңестегі басқару жүйесінің жұмысын бағалайды, оны жақсарту жөнінде Төрағаға ұсыныс енгізеді;

3) Қазақстан Республикасының бюджеттік және өзге де заңнамасы сақталуын тексереді;

4) есеп пен есептіліктің шынайы әрі дұрыс жүргізілуін бақылайды;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық бюджеттің және (немесе) жергілікті бюджеттердің қаржысын пайдалану кезіндегі бұзушылықтарды анықтау, алдын алу және жол бермеу жөнінде шаралар қолданады;

6) жеке қаржыландыру жоспары әзірленуін, қаржыландыру жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуін алдын-ала бақылайды;

7) тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу ұйымдастырылуы мен өткізілуіне бақылау жүргізеді (бекітілген қаржыландыру жоспары негізінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспары әзірленуін, мемлекеттік сатып алу жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуін; конкурс тәсілімен, бір көзден және «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының нормаларын қолданбай мемелекеттік сатып алу процессін алдын-ала бақылайды);

8) бақылау объектілеріне жіберілетін ұсыныстардың және бақылау нәтижесі бойынша қабылданған шешімдердің орындалуын бақылайды;

9) бақылау жүргізумен байланысты мәселелер бойынша бақылау объектілерінен өзі белгілеген мерзімде қажетті құжаттарды, анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді сұратып, алдырады;

10) құпиялық режимі, қызметтік, коммерциялық құпия немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия сақталуын ескере отырып, бақылау объектілерінің бақылау іс-шарасы мәселелеріне жататын құжаттамасымен кедергісіз танысады;

11) ішкі бақылау қорытындысы бойынша ішкі бақылау объектісіне ұйғарым енгізеді;

12) ішкі бақылау қорытындысы бойынша Төрағаға есеп және ұсыныстың жобасын енгізеді;

13)Төрағаның ішкі қаржылық бақылау мәселелері жөніндегі өзге де тапсырмаларын және Конституциялық Кеңестің ішкі қаржылық бақылаумен байланыссыз қызметі мәселелері бойынша Аппарат басшысының тапсырмаларын орындайды.

Ішкі қаржылық бақылау бөлімі Аппараттың өзге құрылымдық бөлімшелерінен тәуелсіз, Төрағаға ғана бағынады және есеп береді.

13. Құқықтық сараптау бөлімі:

1) конституциялық іс жүргізу нысаны болып отырған нормативтік құқықтық актілерге, халықаралық шарттарға құқықтық сараптама жасайды;

2) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері мен халықаралық шарттарына Негізгі Заңға сәйкестігі тұрғысында құқықтық сараптама жасайды, оның қорытындысы бойынша Төрағаның тапсырмасымен немесе бөлімнің бастамасымен іштей қолдану үшін ақпарат тәртібімен қорытынды дайындайды;

3) соттарда және өзге де мемлекеттік органдарда Конституциялық Кеңестің мүддесін білдіреді;

4) бөлімнің қорытындысын дайындай отырып, келіп түскен нормативтік құқықтық актілердің жобаларына құқықтық талдау жасайды;

5) Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасынан, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтан және өзге де мемлекеттік органдардан алынған ақпараттық материалдар негізінде Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі, Конституциялық Кеңес шешімдерінің орындалуы туралы жылдық шолу жасайды және соның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы Конституциялық Кеңес жолдауының жобасына ұсыныс енгізеді;

6) ай сайын Төрағаны Парламенттегі заң шығармашылығы процесінің жай-күйі туралы жазбаша хабардар етеді;

7) Конституциялық Кеңестің Төрағасын, мүшелерін және Аппарат басшысын өз қызметін жүзеге асыруы үшін қажетті ақпараттық, анықтамалық және өзге де материалдармен қамтамасыз етеді;

8) Конституциялық Кеңестің шет елдердің конституциялық бақылау органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылын ұйымдастырады;

9) Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелерінің, сондай-ақ аппарат қызметкерлерінің іссапарға шығуы үшін құжаттары рәсімделуін ұйымдастырады;

10) Конституциялық Кеңес өткізетін мемлекеттік сатып алу іс-шараларын заңдық тұрғыдан сүйемелдейді және Конституциялық Кеңес жасасатын азаматтық-құқықтық шарттардың жобасын заңнамаға сәйкестігі тұрғысында тексереді;

11) "Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Жаршысының" мерзімді басылымдарын жариялауға дайындайды;

12) мерзімді баспасөзге жазылу, ғылыми, анықтамалық және өзге де әдебиеттер сатып алу арқылы Конституциялық Кеңестің ақпараттық қорын толықтыруды ұйымдастырады, Конституциялық Кеңестің мүшелері мен Аппарат қызметкерлеріне кітапхана қызметін көрсетеді;

13) Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарымен байланысты іске асырады;

14) Төраға мен Аппарат басшысының өзге де тапсырмаларын орындайды.

14. Персоналды басқару және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі:

1) құрылымдық бөлімшелердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасын орындау жөніндегі қызметін үйлестіреді;

2) тәртіптік, аттестациялық, конкурстық және кадр мәселелері жөніндегі өзге де комиссиялардың қызметін ұйымдастырады;

3) аттестациялау және конкурстық іріктеу өткізу, мемлекеттік қызметшілерді мансабымен ілгерілету, мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жазаға тарту, мемлекеттік қызметшілерді жұмыстан босату рәсімдерінің сақталуын қамтамасыз етеді;

4) кадр іріктеуді ұйымдастырады, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметті өткеруімен байланысты құжаттарды рәсімдейді;

5) мемлекеттік қызметті өткерумен байланысты шектеулердің сақталуын қамтамасыз етеді;

6) мемлекеттік қызметшілердің өтілден, ұстаздықтан өтуін, қызметін бағалауды, оқытуды, қайта даярлауды (қайта мамандық алуын) және біліктілігін арттыруды ұйымдастырады, мемлекеттік қызметшілерді ынталандырудың түрлерін және оларды қолданудың тәртібін әзірлейді;

7) мемлекеттік қызметшілердің жеке деректері есебін, бағалаудың, аттестаттаудың және оқытудың есебін жүргізеді, әскери есеп жүргізеді;

8) мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапаттау туралы ұсыныс даярлайды, мемлекеттік және ведомстволық наградалардың есебін және сақталуын қамтамасыз етеді; Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалар туралы заңнамасы сақталуын бақылайды;

9) Конституциялық Кеңесте құжаттау және құжаттаманы басқару ережесін әзірлейді және жетілдіріп отырады;

10) құжаттаудың, құжатпен жұмыс істеуді ұйымдастырудың, ақпараттық-іздеу жүйесін жасау мен жүргізудің бірыңғай тәртібін қамтамасыз етеді;

11) Конституциялық Кеңес бланкілерінің, мөрлері мен мөртабандарының есебін жүргізеді және сақтайды;

12) жинақталған іс номенклатурасын әзірлейді және жетілдіріп отырады;

13) ведомстволық мұрағаттың ісін жүргізеді;

14) жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша іс жүргізеді;

15) шетелдік делегацияларға және халықаралық ұйымдардың өкілдеріне Конституциялық Кеңесте қабылдау ұйымдастыруға қатысады;

16) Конституциялық Кеңестің отырыстарын және өзге де іс-шараларын ұйымдастырушылық-техникалық жағынан қамтамасыз етеді, Конституциялық Кеңестің отырыстары мен лездемелерін хаттамаға түсіруді, қабылданған шешімдерін көбейтіп, жан-жаққа жіберуді қамтамасыз етеді;

17) бөлім басшысының орынбасарына қосымша функционалдық міндет ретінде жүктелетін, Конституциялық Кеңесте құпия іс жүргізуді және құпиялылық режимі сақталуын қамтамасыз етеді;

Құпия іс жүргізу және құпиялылық режимі сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша бөлім басшысының орынбасары тікелей Төрағаға бағынады;

18) ақпараттық қауіпсіздік қамтамасыз етілуін бақылайды;

19) Конституциялық Кеңесте мемлекеттік тілді енгізудің және дамытудың тиімділігін арттыру жөнінде шаралар қабылдайды;

20) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де өкілеттіктерді іске асырады.

Бөлім ұйымдастырушылық тұрғыдан басқа құрылымдық бөлімшелерден тәуелсіз, ал персоналды басқару мәселелері бойынша тікелей Аппарат басшысына бағынады.

15. Қаржы бөлімі:

1) әрбір бюджеттік бағдарлама бойынша шығыстардың түрлерін есептеп және негіздей отырып, уәкілетті органға алдағы кезеңге бюджеттік тапсырыс құрастырады;

2) республикалық бюджеттің атқарылуы бойынша бухгалтерлік есеп, бюджеттік есеп және бюджеттік есептілік жүргізілуін қамтамасыз етеді;

3) бюджеттік бағдарламалар деңгейінде бюджеттің атқарылуы бойынша шығыстардың функционалдық және классификациялық шығыстары бойынша Конституциялық Кеңестің жоспарлы кезеңдегі міндеттемелері мен төлемдерін қаржыландырудың жеке жоспарын, міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландыру жоспарын құрастырып, жүргізіп отырады;

4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу саласында қолданылып отырған заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырады және өткізеді;

5) тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу жөніндегі шарттардың жобаларын әзірлейді және аппараттың тиісті құрылымдық бөлімшелерімен келіседі;

6) тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы күшіне енген шарттардың орындалуын іске асырады;

7) белгіленген тәртіппен енгізілген өзгерістерді ескере отырып бекітілген, Конституциялық Кеңестің жоспарлы кезеңге арналған міндеттемелері мен төлемдері бойынша бекітілген қаржыландыру жоспарына және ашылған лимиттерге сәйкес бюджет қаржысының дұрыс, орынды, тиімді және мақсатты жұмсалуын бақылауды қамтамасыз етеді;

8) бірыңғай бюджеттік классификацияға, жасалған азаматтық-құқықтық мәмілелерге, бюджет қаржысы бөлінуіне негіз болған нормативтік құқықтық актілерге сәйкес бюджет қаржысын пайдаланады;

9) қаржыландыру жоспарын орындау барысында кәсіпорындармен, мемлекеттік мекемелермен және жеке тұлғалармен уақтылы есеп айырысады;

10) Конституциялық Кеңестің құрамы мен аппарат қызметкерлеріне жалақыны және заңнамада белгіленген өзге де төлемдерді есептеп, төлеп отырады;

11) фискалды органдарға қаржылық есеп, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетіне және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне бухгалтерлік есеп, сондай-ақ қалалық статистика басқармасына статистикалық есептілік ұсынады;

12) Төрағаның қарауына қаржы мәселелері жөнінде ұсыныстар енгізеді;

13) Конституциялық Кеңестің құрамы мен аппарат қызметкерлерінің жұмысына қажетті жағдай жасайды, олардың тиімді түрде орналасуы, жұмыс орындарының жиһазбен, байланыс құралдарымен, ұйымдастыру-тұрмыстық техникасымен, кеңсе заттарымен жарақтануы мәселелерін шешеді;

14) активтердің, құны төмен және тез тозатын заттардың және өзге де материалдық құндылықтардың сақталатын және пайдаланылатын орындарында сақталуын қамтамасыз етеді;

15) үй-жайдың, жиһаздың және ұйымдастыру-тұрмыстық техникасының ағымдағы жөндеуін қамтамасыз етеді;

16) Конституциялық Кеңеске тауар-материалдық құндылықтар сатып алуды, есепке алуды және оларды сақтауды, өзге де шаруашылық қызметті қамтамасыз етеді;

17) Аппараттың құрылымы мен штат саны жөніндегі құжаттардың жобасын әзірлеуге тікелей қатысады;

18) ішкі қаржылық бақылау бөлімінің өз функционалдық міндеттерін орындау мақсатындағы талабы бойынша қажетті ақпарат береді;

19) Төраға мен Аппарат басшысының өзге де тапсырмаларын орындайды.

V. Аппарат қызметкерлерінің функционалдық міндеттері мен құқықтары

16. Бөлім басшысы:

1) бөлімнің жұмысын ұйымдастырады, басқарады және бақылайды, қызметкерлердің мемлекеттік және еңбек тәртібін сақтауын қамтамасыз етеді, сондай-ақ бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына жеке басымен жауап береді;

2) Конституциялық Кеңес Төрағасының, Кеңес мүшелерінің – қаралып жатқан өтініштер бойынша баяндамашылардың және Аппарат басшысының тапсырмаларын орындайды;

3) «Б» корпусына жататын мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарын әзірлеуге қатысады;

4) өз құзыреті шегінде қызмет бабындағы құжаттарға бұрыштама соғады немесе қол қояды;

5) бөлім қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмысына қатысады;

6) бөлімнің құзырына жататын мәселелер бойынша қажетіне қарай жедел кеңестер өткізеді;

7) Аппарат басшысына белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және лауазымды адамдардан жұмысқа қажетті ақпарат сұратып алу туралы ұсыныс енгізеді;

8) Аппарат басшысына бөлім туралы ережені, бөлімнің жұмыс жоспарын және оның орындалуы туралы есепті бекіту үшін ұсынады;

9) Төраға мен Аппарат басшысының өзге де тапсырмаларын орындайды.

17. Бөлім басшысының орынбасары:

1) бөлім басшысы болмаған кезде немесе өзінің лауазымдық міндеттерін атқара алмайтын кезде оның орнын басады;

2) бөлім басшысынан қызметкерлерге келіп түскен құжаттардың және өзге де тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз етеді.

3) бөлім туралы ереженің, бөлімнің жұмыс жоспарының жобаларын және бөлім қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бөлім басшысына ұсынады;

4) бөлім қызметкерлерінің лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын әзірлеуге қатысады;

5) өз құзыреті шегінде қаралып жатқан мәселелерді талқылауға және олар бойынша шешім қабылдауға қатысады;

6) өз құзыреті шегінде қызметтік құжаттарға бұрыштама соғады немесе қол қояды;

7) Төрағаның, Аппарат басшысының және бөлім басшысының өзге де тапсырмаларын орындайды.

18. Төрағаның көмекшісі:

1) Конституциялық Кеңес Төрағасының қызметін хаттамалық-ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етеді;

2) Конституциялық Кеңесте мемлекеттік тілді енгізудің және дамытудың тиімділігін арттыру жөнінде тиісті шаралар қабылдайды;

3) Конституциялық Кеңестің жыл сайынғы жолдаулары мен қаулыларының, сондай-ақ аппарат қызметкерлері мемлекеттік тілде дайындаған құжаттардың мәтіндерін редакциялайды;

4) аппараттың мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне мемлекеттік және ағылшын тілдерін сапалы түрде үйретумен, мемлекеттік тілді меңгеруін тексеру мақсатында тестілеу өткізумен айналысады;

5) Төрағаның өзге де тапсырмаларын орындайды.

19. Төрағаның кеңесшісі:

1) Төрағаны ақпараттық, анықтамалық, талдау және өзге де материалдармен қамтамасыз етеді;

2) Конституциялық Кеңес Төрағасының тапсырмасы бойынша оның мемлекеттік органдар мен өзге ұйымдарда өкілеттік функцияларын іске асырады;

3) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері мен халықаралық шарттарына Негізгі Заңға сәйкестігі тұрғысында құқықтық сараптама жасайды, оның қорытындысы бойынша Төрағаның тапсырмасымен немесе өз бастамасымен қорытынды дайындайды;

4) Төрағаның өзге де тапсырмаларын орындайды.

20. Аппарат қызметкері:

1) өзіне жүктелген функционалдық міндеттерді уақытылы және сапалы орындайды;

2) өз құзыретінің шегінде қаралып отырған мәселелерді талқылауға және олар бойынша шешім қабылдауға қатысады;

3) қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін кәсіби деңгейін және біліктілігін арттырады.

4) заңнамада белгіленген мемлекеттік тәртіпті, еңбек тәртібін және қызмет этикасы нормаларын сақтайды;

5) өздеріне жүктелген міндеттерді атқармағаны немесе тиісті түрде орындамағаны, өкілеттігін асыра пайдаланғаны, мемлекеттік және еңбек тәртібін бұзғаны, сондай-ақ, мемлекеттік қызметте болуға байланысты заңдармен белгіленген шектеулерді сақтамағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылады.

21. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің лауазымдық міндеттері Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы бекітетін лауазымдық нұсқаулықтарда көрсетіледі.

Қазақстан Республикасы

Конституциялық Кеңесі

Аппаратының басшысы Ә. Темірбеков